Атырау, 13 шілде 16:41
 дождьВ Атырау +28.2
$ 464.71
€ 531.26
₽ 6.05

Биыл 233 мың талапкер ҰБТ тапсырды

56 рет қаралды

2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Санақ бойынша биыл 233 мыңға жуық талапкер тест тапсырған. Биылғы ерекшелік — талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Осының арқасында талапкерлер тестілеуден 422 мың рет өтті.

ҰБТ-ға қатысушылардың басым бөлігі, яғни 73,1%-ға жуығы қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, ал 383 адам ағылшын тілінде бағын сынады. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800 талапкер үшін де тест тапсыруға қолайлы жағдай жасалды.

«Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69 балды құрады», — деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Биыл ең жоғары 140 балды екі түлек жинады. Олар — Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия. Бұдан бөлек, 821 адам 130-дан жоғары балл жинай алды. Қорытындымен келіспегендерден электронды форматта 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш қабылданып, оның ішінде 152 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды.

Дегенмен тестілеу барысында ереже бұзғандар да болды. Бақылау кезінде 890 заңбузушылық анықталды: 522 адам тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті үшін кіргізілмесе, 361 адам ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден кейін тағы 7 адамның көрсеткіші жоққа шығарылды. Министрлік өкілдері бейнежазбаларды талдау жұмыстары биылғы 31 қазанға дейін жалғасатынын, ереже бұзу фактісі анықталса, нәтижелер әлі де жойылатынын ескертті.

Бүгін, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.