
Таиланд астанасының солтүстігінде орналасқан Чатучак ауданындағы танымал барда шыққан өрт салдарынан кемінде 27 адам қаза тапты, деп хабарлайды BBC.
Таиланд билігінің мәліметінше, құрбандардың арасында тоғыз ер адам және 18 әйел бар. Сонымен қатар 60-тан астам адам ауруханаға жеткізілген, олардың сегізінің жағдайы ауыр. Кейбір адамдар әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Премьер-министр Анутхин Чанвиракун журналистерге берген сұхбатында өрттің себебі анықталып жатқанын айтты. Куәгерлердің сөзінше, өрт электр қалқанынан басталып, бірден ғимаратты шарпыған. Көптеген адамдар артқы бөлікте қалып, от пен түтіннен қашып дәретханаға жасырынған, сол жерде көптеген мәйіт табылған.
Өрт сөндірушілер жалынды жарты сағат ішінде бақылауға алғанымен, бардың ішкі бөлігі түгелдей жанып кеткен. Қабырғалар мен жиһаздар күйіп, төбенің бір бөлігі опырылып түскен.
Бангкок губернаторы Чадчарт Ситтипунт оқиға орнына барып, өрттің тез таралуына бардың ішкі интерьеріндегі жеңіл тұтанатын материалдар себеп болғанын мәлімдеді.
Бұл қайғылы оқиға Таиландтағы қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
В Атырау +28.2