
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен елімізде алғаш рет қан мен оның компоненттерін тұрақты әрі өтеусіз тапсырып жүрген азаматтарға арналған «Құрметті донор» ведомстволық төсбелгісі тағайындалды.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа награданың алғашқы иегерлері ретінде 481 отандасымыз бекітілді.
Бұл марапат адам өмірін құтқару жолында тұрақты түрде донорлық жасап жүрген жандардың еңбегін ерекше бағалау және қоғамдағы мәртебесін айқындау мақсатында енгізіліп отыр. Ережеге сәйкес, төсбелгі Қазақстан азаматтарына ғана емес, елімізде өтеусіз негізде көмек көрсеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да беріледі.
Марапатты алу үшін қойылатын негізгі талаптар:
Қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет;
Қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет болуы тиіс.
Жаңа төсбелгіні дайындау жұмысы Қазақстан теңге сарайына жүктелген. Медальдің дизайны Геральдика жөніндегі республикалық комиссиямен мақұлданған. Оның негізгі символы ретінде қанық қызыл түсті қан тамшысы таңдалып, ішіне ақ түсті жүрек соғысының графикалық ырғағы (кардиограмма) бейнеленген.
Қазақстандағы донорлық статистикасы
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасалады. Осы игі істің нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Донорлардың заңды құқығы
Еске сала кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, медициналық тексеруден өту және қан тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкер жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып жұмыстан ресми түрде босатылады.
В Атырау +26.8