Қашаған жобасын тағы да кейінге шегеру қаупі төніп тұр. Бірақ бұл жолы теңіз бен құрлықтағы кешенді жалғастырып тұрған тұрба құбырларындағы ақаулар салдарынан. Тұрба құбырына қатысты проблеманың әжептәуір салмақтырақ екендігі NCOC-тің таяудағы мәлімдемесінен белгілі болды.
Онда айтылғандай, 9 қазанда тұрба құбырынан кезекті шикі газдың кетуі салдарынан тоқтатылған «Қашаған» кенішінен мұнай өндіру тек бірнеше аптадан кейін ғана қайта жалғаспақ: «Қазіргі кезде мұқият тексеріп шығу мақсатында газ құбырының құрлықтағы учаскесін ашу жұмыстары жүргізілуде. Тұрба құбырының теңіздегі учаскесінде газдың кетуі мүмкін жерлерді анықтау үшін датчиктермен жарақталған кемелер мен тікұшақтарды қолдану арқылы мұқият бақылау жүргізіледі. Қандай да болмасын ауытқулар байқалмады. D аралынан «Болашақ» зауытына дейін бүкіл учаскенің тұрба құбырындағы қысым түсіріліп, тұрба бойы босатылды, - делінген NCOC-тың ресми мәлімдемесінде. – Сарапшылар тұрба құбырындағы газ кету себептерін анықтауда. Техникалық қауіпсіздіктің ең жоғарғы талаптарына толық сәйкес болу үшін тексеру жұмыстары бірнеше апта уақыт алады. Мұнай мен газ өндіру сараптамалық тексеру нәтижелері алынғанша тоқтатылады. Сдан кейін қорқынышсыз нысандарды қайтадан іске қосуға болады».
Ал Аджип ҚКО-да қазір агрессивті Қашаған мұнайына арналған тұрбаның жылдам істен шығуына не себеп болып отырғаны анықталуда. Жоба тағдыры енді аудит нәтижесіне байланысты болмақ. Тұрбаларды ауыстыру қажет болған жағдайда 1,5-2 жылға кейінге қалдыру керек болады. Осы тұрғыда Қашаған жобасындағы нысандардың негізгі құрылысына 7 жыл басшылық еткен Аджип ҚКО басқару директоры Умберто КАРРАРАНЫҢ биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап отставкаға кетуі өте орынды көрінеді. Алайда дереккөздердің растауынша, кадрларды алмастыру әуел бастан жоспарланған. Қазіргі кезде Каррараны бұған дейін Аджип ҚКО-да өндірістік операциялар департаментінің директоры лауазымында жұмыс істеп келген Гвидо БРУСКО алмастырады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА