
Қазақстандағы санитарлық дәрігерлер халықты ерте шыққан қауын‑қарбызды сатып алуға асықпауға шақырды. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басшысының орынбасары, эпидемиолог Манар Смағұл мұндай асығыстық ауыр улануға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды TengriHealth.
Маманның айтуынша, елімізде қауын‑қарбыздың табиғи пісу маусымы шілденің ортасынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Бұдан бұрын сатылып жатқан «жергілікті» өнімдер көбіне тез өссін деп күшті тыңайтқыштармен өсіріледі.
Нитраттың зияны:
Ағзаға түскен нитраттар қан құрамындағы темірмен байланысып, метгемоглобин деген зат түзеді. Бұл қанның оттегіні тасымалдау қабілетін төмендетіп, гипоксияға және улануға әкеледі.
Манар Смағұл: «Маусымға мән беру өте маңызды. Қазір өзім қарбыз сатып алуға тәуекел етпес едім», – деді.
Қауіпті қарбызды қалай тануға болады:
Етінің түсі тым ашық, қанық қызыл болса;
Ішінде қалың ақ немесе сары жолақтар болса;
Қабығында жарық, ойық немесе кесілген жерлер болса (онда бактериялар тез көбейеді).
Дәрігер қарбызды тек ресми дүкендер мен сертификаты бар базардан алуға кеңес береді. Жол бойынан немесе рұқсатсыз сатылатын жерден алу өте қауіпті.
Жаздағы ішек инфекцияларынан сақтану ережелері:
Тамақты үстелде қалдырмаңыз: бөлме температурасында сүт пен ет өнімдерінде микробтар тез көбейеді.
Барлық көкөніс пен жемісті жақсылап жуыңыз.
Шомылғанда суды жұтпаңыз, сапарларда тек бөтелкедегі суды ішіңіз.
Балаларға ерекше сақ болу керек: оларда ішек инфекциясы тез сусыздануға әкеліп, ауыр асқынуларға себеп болуы мүмкін.
В Атырау +38