Атырау, 10 шілде 19:12
 дождьВ Атырау +38
$ 467.41
€ 533.88
₽ 6.14

Экология министрі Теңізді тексерді: Шығарындылар бойынша жағдай қалай?

119 рет қаралды
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Теңіз» мұнай кен орнында болып, өңірдегі ең ірі кәсіпорынның экологиялық стандарттарды қалай сақтап жатқанын тексерді.

Сапар барысында «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы шығарындылардың автоматтандырылған мониторинг жүйесін өзінің 16 негізгі көзінде толық іске қосқаны белгілі болды. Енді өндірістегі экологиялық жағдай туралы барлық деректер нақты уақыт режимінде Экология министрлігінің Ұлттық мәліметтер банкіне тікелей жіберіліп отырады. Ведомство басшысы Атырау облысы еліміздің негізгі мұнай-газ өңірі болып қала беретінін, сондықтан мұнда атмосфералық ауаның сапасы мен өнеркәсіптік қалдықтарды басқару мәселелері ерекше бақылауда тұрғанын атап өтті.

«"Теңізшевройл" қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән береді. ТШО мұнай-газ саласына алғаш болып келген халықаралық компаниялардың бірі болғандықтан, біз оның қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларын бағалаймыз», — деді Ерлан Нысанбаев.

ТШО бас директоры Уильям Лакоби министрмен кездесуде табиғатты қорғау компанияның негізгі басымдығы болып қала беретініне сендірді. Оның айтуынша, кәсіпорын өндіріс қуатын арттыра отырып, қоршаған ортаға келетін әсерді азайту үшін табиғатты қорғау жобаларына дәйекті түрде инвестиция салып келеді.

Атап айтқанда, кен орнында биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі бағдарламалар іске асырылуда: сирек кездесетін түрлердің мониторингі жүргізіліп, қызыл кітап құстарының ұялары қорғалады және электр беру желілеріне құс қорғау құрылғылары орнатылады. Бұдан бөлек, өңірді көгалдандыру және экологиялық бастамалар аясында ТШО Атырау облысында 23,7 га алқапқа 18 960 ағаш отырғызды.

Бүгін, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.