Атырау, 10 шілде 18:41
 дождьВ Атырау +38
$ 467.41
€ 533.88
₽ 6.14

Қазақстан мұнайы Жапонияға жеткізілуі мүмкін: ҚМГ инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр

103 рет қаралды
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жапондық бизнес өкілдерімен отандық мұнайды Жапонияға жеткізу мүмкіндігін және энергетика секторына жаңа инвестициялар тарту мәселесін талқылады.

Маңызды экономикалық келіссөздер Астана қаласында өтті. ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев Жапонияның бизнес өкілдерімен кездесті. Делегацияны KEIDANREN (Жапонияның бизнес федерациясы) жанындағы Жапония – ТМД іскерлік ынтымақтастық комитетінің төрағасы, «Mitsui O.S.K.Lines Ltd» компаниясының директоры Такеши Хашимото басқарып келді. Жиынға Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Ииджима да қатысты.

Тараптар бірлескен жұмыстың үш негізгі бағытын егжей-тегжейлі талқылады:

  • Мұнай-газ өндіру;

  • Өңдеу;

  • Декарбонизация салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл перспективалары.

«Әңгімелесу барысында Қазақстан мұнайын Жапонияға өзара тиімді талаптар негізінде жеткізу мүмкіндігі қарастырылды», — деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Жапондық делегация құрамында «Shimizu Corporation», «Sojitz Corporation», «Toyota Tsusho Corporation», «Mizuho Bank, Ltd», «Mitsubishi Heavy Industries, Ltd», «MUFG Bank, Ltd», «Toyo Engineering Corporation», «Marubeni Corporation», «ITOCHU Corporation», «Sumitomo Corporation» және өзге де компаниялардың өкілдері болды. 

Бүгін, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.