
Облыс орталығында тағы кем дегенде төрт өрт сөндіру бөлімін салу қажеттілігі туындап отыр.
Жаңа депо құрылысына арналған тендер өтіп, оған бес компания қатысты. Нәтижесінде «БатысАльянсСтрой» ЖШС жеңімпаз деп танылды.
Жұмысқа тапсырыс беруші — Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тілепбергеннің берген ақпараты бойынша, төрт өрт сөндіру автомобиліне арналған жаңа депо Ақжайық ықшамауданында (бұрынғы Ширина кенті) бой көтереді. Нысан құрылысына авторлық қадағалауды жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген «МПК-Проект» ЖШС жүргізеді. Ал құрылыс жұмыстарының барысын техникалық қадағалау «БКА-group» ЖШС-не жүктелді. Депоны бір жылдан кейін пайдалануға беру жоспарланған.
Облыстық ТЖД мәліметінше, жаңа депо Балықшыда орналасқан және осыдан жеті жыл бұрын апатты деп танылған өрт сөндіру бөлімінің орнына салынады.
Қазіргі уақытта Атырау қаласы мен оған қарасты қала маңындағы аумақтарды өрттен қорғауды бес өрт сөндіру депосының бөлімшелері қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ тағы төртеуін салу қажет.
Өрт сөндіру деполарын орналастыру мен олардың санына, қызмет көрсету радиусы мен өрт сөндіру бөлімшелерінің жету уақытына қойылатын талаптар қолданыстағы заңнамада көрсетілген. Мәселен, «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіне сәйкес, қалалық деполар алғашқы бөлімше шақырту орнына 10 минуттан аспайтын уақытта жететіндей етіп орналасуы тиіс.
«Жаңа өрт сөндіру деполарын салуды бірінші кезекте қаланың болашақта құрылыс жүретін аудандары мен қазіргі бөлімшелердің белгіленген жету уақытынан тыс жерде орналасқан елді мекендері қажет етеді. Олар — Қызылбалық, Алмалы, Еркінқала және Ақсай ауылдары», — дейді ТЖД бастығының орынбасары Жантөре Демешов.
Жыл басынан бері облыс орталығында 90 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан екі адам қаза тапты, тағы төртеуі түрлі жарақат алды.
Лев ГУЗИКОВ
Эскиздерді құрылыс басқармасы ұсынды
В Атырау +33.9 



