Атырау, 10 шілде 17:25
 дождьВ Атырау +33.9
$ 467.41
€ 533.88
₽ 6.14

Атырауда азық-түлік бағасын өсірген кәсіпкерлерге айыппұл салынды

61 рет қаралды
Видеодан алынған стоп-кадр
Видеодан алынған стоп-кадр

Атырау облысында жергілікті базарлардағы еттің қазіргі құны белгілі болды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге бағаны қолдан өсіргені үшін қатаң бақылау болатыны ескертілді.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуі байқалмайды. Дегенмен, маусымдық ауытқулар мен логистикалық шығындар баға белгілеріне әлі де әсер етуде.

Бүгінгі таңда облыс базарлары мен дүкендерінде сиыр етінің төс бөлігі 3500–3700 теңге, ал сан еті 3800–4100 теңге аралығында сатылуда. Жылқы етінің бағасы 3800–4000 теңге, қой еті 3000–3500 теңге аралығында қалыптасып отыр. Мамандардың айтуынша, өңірде еттің қолжетімді бағасы көбіне «Дина» және «Сарайшық» коммуналдық базарларында сақталып отыр. 

Сонымен қатар бағаны негізсіз өсіру фактілеріне қарсы шаралар да қабылдануда. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін негізсіз асырған 86 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. 

«Күн сайын қаладағы мал сою пункттерінде орта есеппен 60 бас сиыр, 10–20 бас жылқы және 15–20 бас қой сойылады. Мал негізінен Батыс Қазақстан облысынан, сондай-ақ Атырау облысының Қызылқоға, Құрманғазы және Махамбет аудандарынан жеткізіледі. Жалпы өңірдегі ет бағасы тұрақты деңгейде сақталып отыр», — деді Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Азамат Әлібаев.

Ведомство өкілдері баға мониторингі алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Бүгін, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.