
Қазақстанда алғаш рет интернет арқылы жеңгетайлыққа көмектесу ісі бойынша үкім шықты. Петропавлдағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды hronika.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылы Астана қаласының тұрғыны К. Қазақстан азаматтары мен Өзбекстан азаматшасын тартып, трансұлттық топ құрған. Олар Kizdar.net атты тыйым салынған сайтта интим қызмет көрсететін әйелдердің анкеталарын жарнамалау және алға жылжыту үшін төлем қабылдап, сайт ұйымдастырушыларына жеткізіп отырған.
Сот олардың әрекетін «телекоммуникациялық желілерді, соның ішінде интернетті пайдалану арқылы жеңгетайлыққа көмектесу, жезөкшелікті насихаттау және жарнамалау» деп таныды.
К. ақшаны заңдастыру айыбынан ақталды, бірақ басқа баптар бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған айыпталушыларға сегіз жыл жаза тағайындалды. Ал топ мүшесі С.-ға қосымша мүлікті тәркілеу және цифрлық активтер айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан бес жылға айыру жазасы берілді. Мемлекет кірісіне Kia Sportage автокөлігі мен 7 млн теңгеден астам сомадағы цифрлық активтер тәркіленді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +30.4