
Венесуэлада 24 маусымда болған екі ірі жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 3 899 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, жарақат алғандар саны – 16 740 адам, деп хабарлайды АА.
Ресми мәліметке сәйкес, билік пен еріктілер 86 794 отбасыға гуманитарлық көмек жеткізген. Ал 89 уақытша шатырлы лагерьде 16 892 отбасы орналастырылған.
АҚШ елшілігі Каракаста 30 мыңнан астам венесуэлалыққа гуманитарлық жүк жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл көмекті АҚШ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Люк Линдберг пен Мемлекеттік департамент өкілі Райан Шрам тапсырған. Жүктер Global Empowerment Mission (GEM) ұйымы арқылы таратылуда.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (PAHO/OPS) жер сілкінісінен кейінгі жағдайды «әлі де төтенше» деп атап, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың аса маңызды кезеңге өткенін хабарлады. Ұйым дерегінше, қажетті 24 млн доллардың шамамен 9 млн доллары ғана мобилизацияланған.
PAHO директоры Жарбас Барбоза апаттан кейінгі ең үлкен қауіптер медициналық көмектің үзілуі, уақытша лагерьлердің шамадан тыс толуы, таза суға қолжетімділік пен вакцинация мәселелері екенін атап өтті.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегінше, 24 маусымда Венесуэлада 39 секунд айырмашылықпен магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі тіркелген.
БҰҰ Даму бағдарламасы (UNDP) 26 маусымда жер сілкіністерінен келген тікелей материалдық шығынды 6,7 млрд доллар деп бағалаған.
Елде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Билік қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны әлі де өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
В Атырау +30.4