
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Германия қоғамының халықаралық ынтымақтастық (GIZ) бағдарламасының жетекшісі доктор Каролина Миловпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Соның ішінде GIZ ұйымының «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» КЕАҚ-тың Ситуациялық-талдау орталығын жерасты су ресурстарын басқаруға арналған заманауи жабдықтармен және арнайы бағдарламалармен қамтамасыз етуге қаржылай қолдау көрсетуі сөз болды. Сондай-ақ тараптар «Тұрақты Орталық Азия үшін Еуропалық Одақ: су, энергетика және климаттың өзгеруі салаларындағы бірлескен іс-қимыл және ынтымақтастық» жобасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ Қызылорда қаласында жүзеге асырылған «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасының қорытындылары қаралды. Тараптар келісімге келген жағдайда, бұл жобаны 2027 жылдан бастап Қазақстанның өзге де оңтүстік өңірлерінде іске асыру жоспарланып отыр.
«Германия – Қазақстанның су саласындағы сенімді серіктесі. Жерасты су ресурстарын басқарудан бастап, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға дейінгі бірлескен жобалар нақты нәтиже беріп келеді. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейтуге ниеттіміз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
GIZ өкілдері министрлікке сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады. Оның ішінде су ресурстарын бассейндік басқару жоспарларын әзірлеу жұмыстарына қолдау көрсету мәселесі де қамтылды.
В Атырау +22.5