
Атырау қаласының тұрғыны заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде ақылы тапсыру акциясы аясында полицияға XIX ғасырдың соңында жасалған Winchester маркалы ойық ұңғылы винтовканы өткізді.
Азаматтың айтуынша, қару оған атасынан мұра болып қалған және ұзақ жылдар бойы отбасында сақталып келген. Акция туралы білгеннен кейін ол қаруды өз еркімен полицияға тапсыруды жөн көрген.
Қазіргі таңда винтовкаға Атырау облысы полиция департаментінің Жедел-криминалистикалық басқармасы тарапынан тиісті сараптама жүргізілуде. Егер оның тарихи құндылығы расталса, қару департаменттің музей қорына беріліп, тарихи жәдігер ретінде сақталатын болады.
Winchester үлгісіндегі қарулар XIX ғасырдың аяғында америкалық қару конструкторы Джон Браунингтің жобасы бойынша әзірленген. Сенімділігімен ерекшеленген бұл қару өз дәуірінде кеңінен қолданылып, символдық мәнге ие болған.
Полиция азаматтарға еске салды: заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырғандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондай-ақ өңір тұрғындарына егер үйінде тіркелмеген немесе заңсыз қару сақталса, оны полицияға тапсыруға шақырды.
В Атырау +23.3