
Әлемге әйгілі әнші, Total Eclipse of the Heart хитымен танымал валлийлік Бонни Тайлер 76 жасында Португалияда қайтыс болды. Ол мамыр айында ішегіне жасалған шұғыл операциядан кейін ауыр жағдайда жатқан еді, деп хабарлайды BBC.
Әншінің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде: «Боннидің отбасы мен командасы терең қайғыра отырып, оның өткен түні Португалиядағы ауруханада ұзақ уақыт емделіп жүрген сырқатынан көз жұмғанын хабарлайды. Жақын арада қосымша ақпарат беріледі, әзірге отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұраймыз» делінген.
Мамырда Тайлер Фару қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, операция жасалғаннан кейін дәрігерлер оны медикаментозды комаға енгізген. Маусымдағы жаңартуда ол комадан шыққаны, бірақ жағдайы өте ауыр күйде қалғаны айтылған.
Осыған байланысты әншінің жазғы туры тоқтатылып, кей концерттері кейінге қалдырылған еді.
Музыкадағы жетістіктері:
Бонни Тайлер 1951 жылы Уэльстің Нит қаласында дүниеге келген.
1983 жылы шыққан Total Eclipse of the Heart әні Ұлыбритания мен АҚШ чарттарында бірінші орынға шықты және бүгінге дейін танымал.
Биыл бұл композиция Spotify платформасында 1 миллиард тыңдалымнан асты.
Оның алғашқы хиті – Lost In France (1976).
2013 жылы Ұлыбритания атынан «Евровидение» байқауына қатысып, 19-орын алған.
2023 жылы музыкадағы еңбегі үшін Британ империясы орденімен (MBE) марапатталған.
Музыка әлемі ерекше дауысымен танылған Бонни Тайлерді үлкен құрметпен еске алады.
В Атырау +23.3