
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына сапары барысында мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы алдын алу жұмыстарының барысын және кәсіпорынның жартыжылдық нәтижелерін қарап шықты.
Зауыт директоры Қуаныш Бишімовтің айтуынша, қауіпсіздік талаптарына сай 20 реактор, 213 сыйымдылық, 32 колонна және 231 жылу алмастырғыш жабдық тексеріліп, сараптамадан өтті. Құбыр желілерінің кейбір учаскелері жаңартылып, 335 тоннадан астам катализатор ауыстырылды. Сонымен қатар вакуумдық колоннаның ішкі құрылғылары жаңартылып, жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік жасалды.
Жұмыстарға 1700-ге жуық маман мен 50-ден астам арнайы техника тартылды. 8 шілдеден бастап алғашқы мұнай қабылданып, қондырғыларды іске қосу жұмыстары жоспардан 1,5 күн бұрын басталды.
Алты айда зауыт 2,8 млн тоннадан астам мұнай өңдеп, жоспарды асыра орындады. Тауарлық өнім көлемі 2,6 млн тоннаға жетті. Автобензин, дизель, авиаотын және сұйытылған газ өндірісі де жоспардан жоғары көрсеткішке жетті. Мұнай өңдеу тереңдігі рекордтық 91%-ға, жеңіл өнімдердің үлесі 81%-ға жетті.
Жиында экологиялық қауіпсіздікті арттыру шаралары талқыланды. Резервуарларға понтон орнату арқылы көмірсутек шығарындыларын 90%-ға дейін азайту көзделген. Жыл соңына дейін тағы үш резервуар жабдықталмақ. Сонымен қатар қосымша қуат көзін құру және үш жылдық жөндеуаралық циклге көшу жобалары іске асырылып жатыр.
Асхат Хасенов өндірістік қауіпсіздікті қатаң сақтай отырып, қондырғыларды іске қосудың маңызын атап өтті. Ол зауыт басшылығына тиімділікті арттыру, тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеу және цифрлық шешімдерді белсенді енгізу міндетін жүктеді.
В Атырау +23.8