
Жамбыл облысында акцизсіз темекі контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ ұсталды. Олар қаржы ағындарын жасыру үшін көлеңкелі «Хавала» жүйесін пайдаланған.
Қаржы мониторингі агенттігінің облыстық департаменті прокуратурамен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Қырғызстаннан заңсыз әкелінген темекі өнімдерінің тарату арнасы анықталды. Жамбыл облысының тұрғыны ұйымдастырған бұл схема арқылы контрафактілік өнім Тараздағы сауда орындарында сатылып, Алматы, Шымкент және бірнеше облыстарға жеткізілген.
Тінту кезінде жалпы құны 293 млн теңге болатын 319 мыңнан астам қорап темекі тәркіленді. Мемлекетке төленбеген акциздер сомасы 115 млн теңгеден асты.
Қылмыстық топ құрамында Қырғызстан азаматтары да болған. Олар логистика мен есеп айырысуды жүргізіп, банктік жүйеден тыс ақша аударуға мүмкіндік беретін бейресми «Хавала» жүйесін қолданған.
Сот санкциясымен контрабанданы тасымалдауға пайдаланылған үш көлікке тыйым салынды. Бес күдікті қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда, ал қосымша ақпарат ҚР ҚПК‑нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
В Атырау +24.1