
Кейбіреулер жаңа жұмыс орындары туралы естуге үміттеніп келсе, енді бірі болашақ өндірістің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап іздеп келді. Тәңіздегі мұнай шламын қайта өңдеу жобасын талқылау әзірлеушілер күткеннен әлдеқайда қызу өтті.
Сөз «CT Solutions» ЖШС-нің жобасы туралы болып отыр — компания мұнай шламын қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Ол үшін Тәңіз кен орны аумағында жылжымалы қайта өңдеу кешенін орнатпақ болған.
Қоғамдық тыңдаулар барысында компания өкілдері нысанды салу кезеңінде шамамен 60 жұмысшыны тартатынын хабарлады. Бұл сан Жылыой ауданы тұрғындарының назарын бірден аударды, себебі жұмыспен қамту мәселесі бұл жерде ең өткір тақырыптардың бірі болып қала береді.
Алайда кейін бұл вакансиялардың тек құрылыс кезеңінде ғана, яғни шамамен үш ай бойы ғана болатыны анықталды. Кешен іске қосылғаннан кейін тұрақты штат небәрі алты адамнан тұрмақ. Сонымен қатар жобалық құжаттаманың өзінде қондырғыны тиісті біліктілігі бар мамандар ғана пайдалануы тиіс екені көрсетілген.
Жобаның экологияға қатысты бөлігіне де сұрақ аз болған жоқ. Тыңдауға қатысушылар құжаттамадағы қайшылықтарға, шығарындыларды есептеуге, қалдықтармен жұмыс істеу тәртібіне және басқа да техникалық мәселелерге назар аударды. Көптеген ескерту бойынша әзірлеушілер материалдарды пысықтап, қажетті өзгерістер енгізуге дайын екенін мәлімдеді.
Дегенмен бұл жеткіліксіз болды. Кейін Атырау облысының Экология департаменті экологиялық қорытынды беруден бас тартты. Ведомствоның ресми жауабында жобаны қарау барысында әзірлеушіге ескерту жіберілгені, бірақ пысықталған материалдар мен қоғамдық тыңдаулар хаттамасы департаментке түспегені айтылған.
Бұл компанияның жобаны қазіргі күйінде жүзеге асыра алмайтынын білдіреді. Рұқсат алу үшін оған ескертулерді жойып, құжаттарды қайта қарауға ұсынуға тура келеді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +24.1