Атырау, 9 шілде 10:58
 дождьВ Атырау +21.1
$ 467.98
€ 533.87
₽ 6.11

Атырауда жеке балабақшалар мемлекеттік қаржыландырудың кешіктірілгеніне шағымданды

71 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Атырау облысының жеке балабақша өкілдері ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкеннен кейін мемлекеттік төлемдердің кешігіп жатқанын мәлімдеді. 

Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының мүшесі Гүлхан Өтегенованың айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдардың бір бөлігі әлі күнге дейін ай сайынғы қаржыландыруды алмаған, сондай-ақ қаңтар және ақпан айларындағы берешек те әлі сақталып отыр.

«2026 жылдан бастап барлық балабақша ваучерлік жүйеге көшті. Егер бұған дейін қаржыландыру білім бөлімдері арқылы жүзеге асырылса, енді Қаржы орталығы арқылы жүреді. Кейбір балабақшалар сәуір айынан бері төлемдерді алған жоқ. Бізге қаражаттың бөлінуін күту керек деп түсіндіріп жатыр», — деді ол.

Сонымен қатар, жеке балабақша өкілдері 2026 жылдың екінші жартыжылдығына мемлекеттік субсидиялауға арналған қосымша келісімшарттарға әлі күнге дейін қол қойылмағанына алаңдаулы. Бұл жағдай жұмысты жоспарлау мен қызметкерлерді сақтап қалуды қиындатып отыр.

Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов ваучерлік жүйе енгізілгеннен кейін қаржыландыру Қаржы орталығы арқылы жүзеге асырылатынын растады. Оның айтуынша, қажетті қаражат толық көлемде қарастырылған, ал төлемдердің кешігуі республикалық деңгейдегі қаржыландыру процедураларына байланысты туындаған.

«Біз Қаржы орталығына жеткілікті соманы бағыттаймыз. Қазір сессияда бюджеттік қаражат бекітіліп жатыр, содан кейін төлемдер жүргізіледі. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ», — деп мәлімдеді Марат Әбуов.

Ол сондай-ақ бұған дейін жеке мектептерді қаржыландыру кезінде де осындай жағдайдың қайталанғанын атап өтті.

Бұл мәселе Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте де қаралды. Кеңесте мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтар және жеке мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдері қатысатын жұмыс тобын құру қажеттілігі атап өтілді.

Айгүл МАНСҰРОВА

Бүгін, 09:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.