
Қарағанды облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отыр. Саланы дамытуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау оң ықпал етуде.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.
Мамандардың мәліметінше, өңірде ет пен сүт өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 531,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артқан.
Сонымен қатар малдың асыл тұқымдық сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
– Өңірде ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдық қасиеттерін жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл мақсатта асылдандыру және селекциялық жұмыстар жүргізіліп, тұқымдық түрлендіру шаралары ынталандырылуда. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі – 11,2 пайызды, қойдың үлесі – 6,9 пайызды, жылқының үлесі – 0,8 пайызды құрады. Бұл нәтижелерге қол жеткізудің негізгі факторларының бірі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау, – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Оның айтуынша, бүгінде облыста 428 мың бас ірі қара, 400 мыңға жуық жылқы, сондай-ақ 688 мың бас қой мен ешкі бар.
Саланы мемлекеттік қолдау бірнеше бағыт бойынша жалғасуда. Биыл агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы 7 млрд теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, өңірде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» және «Игілік» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бағдарламалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, оның ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несие беруді көздейді. Бұл мал басын көбейтуге, оның генетикалық әлеуетін жақсартуға және шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жайлау» бағдарламасы аясында қаржыландыру жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады. Несие сомасы ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін, ал ұсақ мал шаруашылығы жобалары үшін 200 млн теңгеге дейін қарастырылған. Қаражатты асыл тұқымды мал сатып алуға ғана емес, табынды көбейтуге және репродукторлық жаңа фермалар салуға да пайдалануға болады.
«Игілік» бағдарламасы бойынша да сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құрайды, ал қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін. Сонымен қатар қарыз алушылар үшін 30 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Бұл шаруашылықтарға мал басын қалыптастырып, төл алу циклін аяқтап, несиені өтеудің негізгі кезеңі басталғанға дейін өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері «Береке» бағдарламасы аясында да кеңейтілді.
Жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысу шарттары туралы толық ақпаратты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалынан, www.agrocredit.kz ресми сайтынан немесе 1408 call-орталығы арқылы ала алады.
В Атырау +21.1