
Тергеу нәтижесі бойынша, өзін «Sicim Kazakhstan» компаниясының қызметкері ретінде таныстырған азамат арнайы киім жеткізу үшін деп жалған құжаттар рәсімдеген. Ол бір айдың ішінде Атырау мен Алматыдағы қоймалардан 26,6 мың дана қорғаныс комбинезонын алып кеткен.
Сот үкімінен белгілі болғандай, бәрі OLX-тағы хабарландырудан басталған. «EcoDomAtyrau» компаниясы «SATI-SAFETY» бір реттік комбинезондарын сатамын деп хабарландыру жариялаған. Өзін «Sicim Kazakhstan» өкілімін деп таныстырған ер адам сол компанияға байланысқа шығады. Ол бұл комбинезондар Теңіз бен Қарабатан нысандарындағы жұмысқа шұғыл қажет екенін айтқан.
Жеткізушіні сендіру үшін ол «Sicim» атынан шарт әзірлеп, оны компанияның мөрімен растаған. Сотта сотталушы бұл мөрдің өзіне бұрынғы жұмыс орнынан қалып қойғанын, кейін оны қоқысқа тастағанын мойындады.
Құжаттарға сенген компания тауарды кейін төлеу шартымен бере бастаған. Алдымен Атыраудағы қоймадан 1 450 комбинезон, содан кейін Алматыдағы қоймалардан тағы бірнеше ірі партия шығарылған. Тергеу мәліметтері бойынша, жалпы құны 18,62 млн теңге болатын 26 600 дана комбинезон алып кеткен.
Тауарды тасымалдау үшін ол OLX арқылы «Газель» жүргізушілерін жалдап отырған. Кейін белгілі болғандай, жүргізушілер өздерін жай ғана кәдімгі тапсырысты орындап жүрміз деп ойлаған.
Комбинезондардың бір бөлігі Атыраудағы «Исаш» дүкеніне данасы 400 теңгеден — өз құнынан әлдеқайда арзан бағаға сатылған. Қалған тауарды, тергеу анықтағандай, басқа сатып алушылар иемденген.
Төлем мерзімі жеткенде жеткізуші компания ақшасын ала алмаған. Ал әлгі ер адам байланысқа шықпай қалған.
Сотта сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Ол шартты өзі жасап, компания мөрін пайдаланғанын растады, алайда шығын көлемін азайтуды сұрады. Оның уәжі - шығын сомасы тауардың өз құнымен емес, өзінің комбинезондарды сатқан арзан бағасымен есептелуі тиіс. Сот сотталушының бұл уәжін қабылдамады.
Бұған дейін сотталушы есірткінің заңсыз айналымына қатысты бап бойынша сотталғандықтан, сот оның әрекетінде қылмыстың қайталануы (рецидив) бар деп таныды.
Сот оны жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ одан 16,36 млн теңге материалдық шығын өндірілді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +29.8