
«ҚазТрансОйл» АҚ биометрия және жасанды интеллект элементтері бар оқытуды басқарудың (LMS) супер-интеллектуалды жүйесін жасау мен енгізуге 120 миллион теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Тиісті лот «Самұрық-Қазына» АҚ-ның электрондық сатып алу порталында орналастырылған, деп жазады hronika.kz.
Техникалық ерекшелікке сәйкес, магистральдық мұнай құбырының ұлттық операторы қызметкерлердің біліктілігін арттыру, тестілеу және бағалау процесін толық автоматтандыруды көздеп отыр. Жаңа платформаның басты ерекшелігі — бет-әлпетті тану (Face Recognition) технологиясының жаппай енгізілуі.
Жаңа жүйе онлайн-курстардан немесе қауіпсіздік техникасы бойынша тесттен үшінші тұлғалардың өту мүмкіндігіне жол бермейді. Бақылау бірнеше параметр бойынша жүзеге асырылады:
Биометрия арқылы кіру: жүйеге кіру үшін қызметкерге тек құпия сөзді енгізу жеткіліксіз — веб-камера бет-әлпеттің параметрлерін (көздің арақашықтығын, мұрынның пішінін) оқып, оны SAP HCM ішкі деректер қорындағы эталондық фотосуретпен салыстыруы керек.
Қатысуды бақылау: вебинарлар кезінде нейросеть экран алдында нақты кімнің отырғанын автоматты түрде тексеріп, HR-бөлімі үшін бет-әлпеттің «сәйкестік пайызы» көрсетілген есепті қалыптастырады.
Прокторинг жүйесі: аттестациядан өту барысында жасанды интеллект пайдаланушының кез келген күдікті әрекетін тіркейді. Басты бүру, шпаргалкаға қарау әрекеті немесе кадрда бөтен адамның пайда болуы бұзушылықтар журналына автоматты түрде енгізіледі.
Платформаның екінші негізгі міндеті — кандидаттарды конкурстық іріктеу процесіне жасанды интеллектіні енгізу.
Техникалық ерекшелікті әзірлеушілер алгоритмдер үміткерлердің түйіндемелерін (резюме) тек олардың құзыреттілігі негізінде саралайтынын көрсетеді. Жасанды интеллект кандидаттардың жынысын, жасын немесе ұлтын ескермейтіндіктен, толық объективтілікті қамтамасыз етеді деп мәлімделген.
Цифрлық рекрутерді оқыту үшін мердігерге компанияның кадрлық жүйесінен мәліметтер жиынтығы беріледі, бірақ техникалық тапсырмада қатаң шарт қойылған: қызметкерлердің барлық дербес деректері алдын ала иесіздендірілуі (анонимді етілуі) және жасырылуы тиіс.
Компания нейросеть тек «ақылды сүзгі» және саралау функциясын ғана атқаратынын, ал жұмысқа қабылдау, қызметін өсіру немесе жұмыстан шығару туралы соңғы шешімді бұрынғыша кәсіпорын басшылығы қабылдайтынын атап өтеді.
В Атырау +29.8