
Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлікпен күресті елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Жыл басынан бері Агенттік қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты.
Қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болды. Дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген. Тек соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталды.
Өңірлерде анықталған қылмыстық схемалар
Агенттік аумақтық департаменттердің қатысумен бірнеше заңсыз схеманың жолын кесті:
Батыс Қазақстан облысы: Интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметі тоқтатылды. Тексеру барысында бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілгені анықталды. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген.
Жетісу облысы: Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген жергілікті тұрғын кураторлардың нұсқауымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттары арқылы қабылдап отырған. Кейін ол қаражатты криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шоттарына аударып, әр операциядан комиссия алып тұрған.
Түркістан облысы: Мұнда дропперлік схема Telegram мессенджеріндегі жасырын куратор арқылы басқарылған. Ол студенттер мен кәмелетке толмағандарды сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге тартылды.
ҚМА ескертуі
Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Елдің қаржылық қауіпсіздігі әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады.
Қандай да бір күдікті жағдайлар анықталғанда Агенттіктің 1458 Call-орталығына хабарласуға болады.
В Атырау +29.1