
Wolt компаниясы Атырау тұрғынының KFC жеткізуіне қатысты шағымынан кейін «Ақ Жайық» редакциясына ресми түсініктеме жолдады.
Компания Wolt мәлімдегендей, тапсырыс бір сағатқа жетпейтін уақытта жеткізілген және клиентке бонус берілген. Алайда тапсырыс берушінің айтуынша, бірнеше сағат бойы пакеттің есік алдында тұрғанын білмегені туралы компания түсініктеме берген жоқ.
Wolt ішкі тексеріс жүргізгенін хабарлады. Компания дерегіне сәйкес, тапсырыс 4 шілде күні сағат 16:54-те рәсімделіп, 17:43-те жеткізілген. Осылайша жалпы жеткізу уақыты 49 минутты құраған.
Сондай-ақ компания тапсырыс кезінде байланыссыз жеткізу тәсілі таңдалғанын атап өтті. Сол себепті курьер пакетті есік алдына қалдырған. Сервистің ақпараты бойынша, есептік уақыттан кешігу шамамен 12 минут болған.
Сонымен қатар, Wolt компаниясы клиент қолдау қызметіне жүгінгеннен кейін оған сервистің қолданыстағы тәртібі бойынша бонус берілгенін хабарлады.
«Біз клиентіміздің қолайсыздық көргеніне шын жүректен өкінеміз және кері байланысы үшін алғыс айтамыз. Wolt әрбір қолданушыны бағалайды және кез келген пікірге мұқият қарайды. Біз әрбір өтінішті жедел қарастырып, жағдайды анықтап, пайдаланушыларымыздың сервис сапасына риза болуы үшін бар күшімізді саламыз», – делінген компания түсініктемесінде.
Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау тұрғыны «Ақ Жайыққа» Wolt арқылы немерелеріне KFC-ден 13 300 теңгеге тағамға тапсырыс бергенін айтқан. Оның сөзінше, ешкім оған тапсырыстың жеткізілгенін хабарламаған. Әйел бірнеше сағат бойы курьерді күтіп, қолдау қызметімен хат алмасқан, ал пакет сол уақытта есік алдында тұрған. Тек бірнеше сағаттан кейін оны туыстары кездейсоқ тауып алған.
Әйелдің айтуынша, осы уақыт ішінде тағам суып, бұзылып кеткен. Нәтижесінде тапсырысты қоқысқа тастауға тура келген.
«Ақ Жайық» редакциясы Атырау облысының Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне мұндай жағдайда тұтынушының қандай құқықтары бар екені түсіндіру өтінішімен ресми сұрау жолдады. Атап айтқанда, құны 13 мың теңгеден асатын тағам жарамсыз болып шықса, бонус беру жеткілікті өтемақы бола ма деген мәселе көтерілді. Себебі бонус шығынды өтемейді және ақшаны қайтарумен тең емес.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +29.1