
Зейнеткерді қорқытқан қылмыскер 60 мың теңгені олжалаған.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам велосипедпен Жилгородоктағы бес қабатты үйдің жанына келіп, айналаға көз тастап, ешкім көрінбеген соң кіреберіске кірген.
Шабуыл жасаудан бірнеше минут бұрын ол сол жерде пәтердің иесімен жолығып қалған. Бейтаныс адамның қолындағы балық аулауға арналған жәшікті көрген үй иесі: «Балық түсіп жатыр ма?» — деп сұраған. Ер адам жымиып: «Жаман емес», — деп жауап берген. Үй иесі бұл ақкөңіл «балықшының» бірнеше минуттан кейін оның өз пәтеріне басып кіретінін ойламаған.
Үйде жалғыз қалған зейнеткер әйел біреудің есік қаққанын естиді. Күйеуім бірдеңесін ұмытып кеткен шығар деп ойлаған ол есікті ашады. Бірақ табалдырықта әлгі бейтаныс адам тұрған. Ол пәтерге басып кіріп, есікті ішінен іліп алады да, әйелдің аузын басып, ойыншық тапаншамен қорқытып, ақша талап етеді.
Дегенмен, үй иесі қорқақтардың қатарынан болмай шықты. Жасына қарамастан, ол қарсылық көрсете бастаған. Жұлқынған кезде шабуылдаушы әйелді еденге құлатады, бірақ бірнеше жері сынса да, зейнеткер берілмеген. Тонаушы ақша іздеп пәтердің астаң-кестеңін шығарып жатқанда, зейнеткер есікке қарай еңбектеп барып, оны ашып, көмекке шақырып айқайлаған. Айқайды естіген ер адам қаша жөнелген.
Тергеу болжамы бойынша, ол қашар алдында 60 мың теңгені алып үлгерген. Сотталушының өзі пәтерге кіріп, үй иесін ойыншық тапаншамен қорқытқанын мойындады, ал ақшаны алмағанын айтты.
Шабуыл салдарынан әйел бірінші бел омыртқасының компрессиялық сынуы, екінші бел омыртқасы өсіндісінің сынуы жарақатын алып, денесінің көп жері жарақаттанған.
Кейін тергеушілер қараусыз қалған гараждан айыпталушы пайдаланған велосипедті, киімді, масканы, қолғапты және әлгі ойыншық тапаншаны тауып алды.
Атырау қалалық №2 соты ер адамды тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы тонау әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, сот оны жәбірленушіге 60 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттеді және жазасын өтеу кезінде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емдеуді тағайындады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +26.2