
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі газдандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Әкімнің айтуынша, облыстағы газ желілерінің ұзындығы 6 701 шақырымға жетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейі 99,9 пайызға көтерілген.
Газбен тұрақты қамтамасыз ету үшін 2024 жылы басталған «Финская-120» автоматтандырылған газ тарату станциясы мен «Редут – Финская-120» магистральдық газ құбыры тармағы жобасы қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы орындалған.
Сонымен қатар өңірде газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 122 шақырым газ құбыры тартылып, Қызылқоға ауданындағы бірнеше ауыл табиғи газға қосылды. 2025 жылы Талқайран елді мекеніндегі «Спутник» шағын ауданына газ жеткізілді.
Газ тасымалының сенімділігін арттыру үшін «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупинг жобасын іске асырды. Ал стратегиялық маңызы бар «Орта Азия – Орталық» магистральдық газ құбыры арқылы еліміздің орталық және оңтүстік өңірлеріне газ жеткізіліп отыр.
Отырыста облыс басшысы газдандырылмаған 10 елді мекенді нақтылап, оларды табиғи газға қосу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Мақсат — өңірдегі газдандыру деңгейін 100 пайызға жеткізу.
В Атырау +24.8