
Атырау облысында 2026–2027 жылдарға арналған жазғы, күзгі және қысқы аңшылық маусымы ресми түрде басталды. Маусым 1 шілдеден келер жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады.
Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, әр аң түріне арнайы мерзім белгіленген. Мысалы, шалшықшыны аулау 1 шілдеден 30 қарашаға дейін, кептерді 20 тамыздан 30 қарашаға дейін жүргізіледі. Жабайы шошқаға аңшылық 5 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілсе, түлкі мен қоянды 1 қарашадан 15 ақпанға дейін аулауға болады.
Аңшылық тек заңда көрсетілген алқаптарда жүзеге асады. Қазір облыста алты аңшылық алқабы жұмыс істейді. Олар «Атырау облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамына», «Astau LLP» ЖШС-не және жеке кәсіпкерлерге бекітілген.
Аңшылыққа шығатын азаматтар міндетті түрде аңшы куәлігін, қару сақтауға және алып жүруге рұқсат құжатын, сондай-ақ жолдаманы өзімен бірге алып жүруі тиіс.
Маусым кезінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бақылауды күшейтеді. Табиғат қорғау заңнамасын бұзғандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жаңа маусым аңшылар үшін үлкен мүмкіндік болғанымен, заң талаптарын қатаң сақтау міндетті.
В Атырау +24.8