
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесін түсіндіріп, неге 41 жастағы азаматтар ең қолайлы жағдайда тұрғанын нақтылады, деп хабарлайды KAZINFORM.
Қордың айтуынша, бұл жасқа келгенде көпшілік жүйеге шамамен 20 жыл қатысып үлгереді. Осы уақыт ішінде едәуір көлемде жинақ қалыптасады, табыс пен мансаптық өсу ең жоғары деңгейге жетеді, міндетті жарналар көлемі артады. Сонымен қатар инвестициялық табыс та жинақтың маңызды бөлігіне айналады. Бұл факторлардың жиынтығы 41 жастағыларды ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары жинақтары бар ең үлкен топқа айналдырады.
Ал ең жоғары жеткіліктілік шегі 62 жастағы азаматтарға белгіленген. Себебі бұл жаста қаражатты қайта жинақтап, толықтыруға уақыт қалмайды. Егер жинақ ең төменгі жеткіліктілік деңгейінде болса, ай сайынғы төлем шамамен 127 мың теңгені құрайды, бұл халықтың медиандық табысының 40 пайызына тең.
Қор сонымен бірге 30 жасқа толмаған шамамен 1,5 мың азаматтың жинағы жаңа әдістеме бойынша жеткіліктілік шегінен асатынын хабарлады. Жыл сайын бұл шек қайта қаралып, ресми түрде жарияланады.
Осылайша, жаңа әдістеме әртүрлі жас топтарына әрқалай әсер етеді: 41 жастағылар ең қолайлы жағдайда болса, зейнет жасына жақындағандар үшін талаптар ең жоғары деңгейде белгіленген.
В Атырау +32.4