
Қазақстан қытайлық автокөліктерді тез әрі қауіпсіз жеткізуге бағытталған жаңа логистикалық жобаның негізгі буынына айналды. Достық станциясы арқылы ерекше, мамандандырылған контейнерлерге тиелген көліктері бар алғашқы сынақ пойызы жөнелтілді.
«KTZ Express» («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес компаниясы) АҚ Чунцин (Қытай) – Достық (Қазақстан) – Ворсино (Ресей) халықаралық бағыты бойынша жеңіл автомобильдерді мамандандырылған контейнерлерде пилоттық тасымалдауды қамтамасыз етуде.
Жоба China Railway Container Transport Corporation (CRCT), Yuxinou (Chongqing) Logistics Co., Ltd және «KTZ Express» АҚ компанияларының ынтымақтастығы аясында іске асырылуда. Yuxinou (Chongqing) Logistics Co., Ltd компаниясы пойызды жөнелтсе, KTZ Express 1520 мм теміржол желісі бойынша тасымалды экспедициялауды қамтамасыз етеді.
Пойыз құрамына автомобильдерді тасымалдауға арналған 55 мамандандырылған 40 футтық контейнер кірді.
Жөнелтілімнің жалпы көлемі Changan маркалы 182 жеңіл автокөлікті құрады.
Жобаның ерекшелігі – жеңіл автомобильдерді тасымалдау үшін арнайы әзірленген, жүк көтергіштігі 35 тонна болатын жаңа әмбебап 40 футтық контейнерлерді пайдалану.
Мамандандырылған контейнерлерді қолдану тасымалдау тиімділігін арттыруға, жүктің жол бойындағы сақталуын қамтамасыз етуге және автомобиль өнеркәсібі үшін контейнерлік логистиканың мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Пилоттық тасымал Қытай – Ресей бағыты бойынша дайын автомобильдерді тасымалдауға арналған контейнерлік сервистерді дамытудағы маңызды кезең болып қана қоймай, халықаралық теміржол қатынасында заманауи логистикалық шешімдерді қолдану әлеуетін растайды.
Жобаны іске асыру маршрут қатысушылары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Қытай, Қазақстан және Еуразия елдері арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. KTZ Express негізгі еуразиялық бағыттар бойынша халықаралық тасымалдарды сенімді ұйымдастыруды қамтамасыз ете отырып, көлік-логистикалық қызметтер аясын кеңейтуді жалғастыруда.
В Атырау +31