
Қазақстанда темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасын қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Nur.kz.
Қазіргі таңда елде баға шегі белгіленген: 20 тал темекі немесе қыздырылатын темекіге арналған стиктердің бір қорабы 970 теңгеден төмен бағада сатылмауы тиіс. Алайда дүкендердегі нақты бөлшек сауда бағасы бұл межеден әлдеқашан асып кеткен.
Енді Қаржы министрлігі ең төменгі баға шегін тағы да көтеруді жоспарлап отыр. Құжатта жаңа ең төменгі баға әзірге нақты көрсетілмеген. Дегенмен жоба авторлары өзгерістің басты мақсаты мемлекеттік бюджетке түсетін түсім көлемін арттыру екенін атап өткен.
Айта кетейік, Қазақстанда темекі өнімдерінің бағасы ресми органдардың араласуынсыз-ақ тұрақты түрде өсіп келеді. «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінің ресми деректеріне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері сүзгілі темекінің бағасы 5,9 пайызға қымбаттаған. Ал жылдық көрсеткіш бойынша темекі өнімдерінің бағасы 12,5 пайызға өскен.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау «Ашық НҚА» порталында өтеді. Осыдан кейін құжат бекітуге жолданады.
В Атырау +31