Атырау, 7 шілде 12:27
 дождьВ Атырау +31
$ 472.03
€ 540.29
₽ 6.11

Қазақстандықтарға мемлекеттік туды қалай қолдануға болатыны түсіндірілді

64 рет қаралды

Қазақстан үкіметі Мемлекеттік туды, Мемлекеттік елтаңбаны және Мемлекеттік әнұран мәтінін пайдалану ережелеріне өзгерістер дайындады. 

Жоба аясында үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысын жаңарту ұсынылып отыр.

Осы құжатқа сай, Қазақстанның Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімдерін, қазақстандық болмысын білдіру, сондай-ақ ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады.

Туды ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға, соның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен, сонымен қатар салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға ілуге рұқсат етіледі.

Бұл ретте тудың сыртқы түрі мен күйіне қойылатын міндетті талаптар сақталады:

  • Мемлекеттік ту, көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сай болуы керек.

  • Тудың жыртылған, тозған, кірлеген, түсі оңған, умаждалған, тесілген, жамалған немесе оның мемлекеттік нышан ретіндегі қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін басқа да кемшіліктері болса, оны пайдалануға жол берілмейді.

Жеке тұрғын үйлер үшін бөлек шарт қарастырылған: ту кемінде үш метр биіктікте орналасуы тиіс. Бұл ретте қараңғы уақытта оған жарық түсіріп тұру міндетті емес.

Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктері туды қасбетке (сыртқы қабырғаға) ілуге мүмкіндік бермесе, оны іргелес аумақтағы бөлек тұрған ту тұғырына (флагштокқа) орнатуға болады.

Сондай-ақ ту жерге, еденге, суға және басқа да беттерге тиіп тұрмауы керек. Туды тігінен ілген жағдайда, ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы тиіс.

Құжатта Мемлекеттік туды мәдени, спорттық, қоғамдық және басқа да іс-шаралар кезінде коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ туды жарнама ретінде, киім, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және басқа да жапқыштар ретінде қолдануға болмайды.

Туды әдейі бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатсыз пайдалануға және оның мемлекеттік нышан ретіндегі қадір-қасиетін төмендететін басқа да әрекеттерге тыйым салынады.

Сонымен қатар, Қазақстанның Мемлекеттік туының бейнесін спортшылардың спорттық киімдері мен жабдықтарында пайдалануға рұқсат беру ұсынылып отыр.

Өзгерістер мемлекеттік нышандарды сайттарда, стендтерде, плакаттарда және басқа да көрнекі материалдарда орналастыруға да қатысты. Ту, елтаңба және әнұранды бірге орналастырған кезде мынадай кезек сақталуы тиіс: Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба, Мемлекеттік әнұран.

Мемлекеттік нышандар бейнеленген стендтер мен плакаттар үшін көк түсті фон пайдалану, ал жазуларды алтын түспен жазу ұсынылады.

Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енуі тиіс.

Бүгін, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.