
Маңғыстау облысында өткен кең ауқымды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полиция қызметкерлері Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш азаматты аман-есен тапты, деп хабарлайды polisia.kz.
Азаматтар мінген автокөлік Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым қашықтықтағы жетуі қиын жерде анықталды. Анықталғандай, көлік батпақты жерге батып қалып, соның салдарынан олар әрі қарай қозғала алмай, байланысқа шыға алмаған.
Іздестіру барысында жоғалған азаматтарды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұржігіт Базарбаев және Бейнеу аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы Бауыржан Нұрмұханбетов анықтады.
Қазір азаматтар медициналық тексеруден өткізу үшін Ақжігіт ауылына жолға шықты. Олардың денсаулық жағдайын дәрігерлер тексереді.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті іздестіру жұмыстарына қатысқан барлық қызметтерге алғыс білдірді. Полиция қызметкерлерінің, төтенше жағдайлар бөлімшелерінің және жұмылдырылған өзге де қызметтердің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды.
В Атырау +25.3