
АҚШ Президенті Дональд Трамп Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келісім ең қысқа мерзімде жасалуы мүмкін екеніне сенім білдірді. Оның айтуынша, соғысып жатқан екі елдің де басшылары қақтығыстың тоқтағанын қалайды, деп хабарлайды DW.
Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында Трамп жақында Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеніне тоқталды. Америкалық көшбасшы бұл әңгіме өзіне «үлкен үміт сыйлағанын» атап өтті.
«Президент Путин бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Мен мұны сіздерге нық сеніммен айта аламын. Бейбіт күн көпшілік ойлағаннан да әлдеқайда жақын», — деді Трамп. Ол сондай-ақ Владимир Зеленскийдің де соғыстың тезірек біткенін қалайтынын қоса кетті.
Ақ үй басшысы Украина мәселесін Анкарада өтетін НАТО-ның алдағы саммитінде басты тақырып қылмақшы. Reuters агенттігінің мәліметінше, Трамп сәрсенбі күні саммит аясында Зеленскиймен жеке кездесу өткізуді жоспарлап отыр, содан кейін Путинмен қайта хабарласпақ.
Алайда, Вашингтонның бұл оптимистік көзқарасымен бәрі бірдей келісе қоймайды. Беделді Financial Times (FT) басылымы Мәскеудегі сенімді дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлағандай, Ресей 2027 жылдың ақпанына дейін нақты келіссөздерге бара қоюы екіталай. Кремльге жақын сұхбаттасушылардың айтуынша, бұл мерзім ресейлік әскерилердің 2026 жылдың соңына дейін Донецк облысын толық бақылауға алу міндетімен байланысты.
Бұған қоса, FT басылымының Киевтегі дереккөздері Мәскеудің әлі де ымырасыз позицияны ұстанып отырғанын және Украинадан үлкен аумақтық әрі саяси жол беруді талап ететінін айтады. Олардың пайымдауынша, Ресей іс жүзінде АҚШ «Украинаны өздеріне оңай апарып береді» деп үміттенеді. Басылым тілшілері АҚШ-тың қатысуымен өтетін мұндай үшжақты маңызды байланыстар жаздың соңына дейін бастала қоюы екіталай деп есептейді.
В Атырау +25.3