Атырау, 7 шілде 10:57
 дождьВ Атырау +25.3
$ 472.03
€ 540.29
₽ 6.11

​Атырау облысында қамыс өртеніп жатыр

66 рет қаралды

Атырау облысында қамыс өртеніп, қаланы күйіктің иісі алып кетті. 

Жергілікті тұрғындар атап өткендей, кешкілікте қаланың әр жерінде күйіктің иісі анық сезілген.  

Атырау облысы ТЖД мәліметі бойынша, қала маңындағы Еркінқала ауылдық округінен Каспий теңізі бағытына қарай 40 шақырым қашықтықтағы жетуі қиын батпақты ашық аумақта қамыс өсімдіктері жанды.

Сағат 20:00 минуттағы жағдай бойынша өрт аумағы 34 гектарды құрады.

Оның 18 гектары Атырау облысы ТЖД күштерімен сөндіріліп, 4 гектар аумақтағы жану өздігінен тоқтады.

Оқиға орнында Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 65 қызметкері және 15 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Жағдай Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен шұғыл жиында қаралды.

Әкімдіктің мәліметінше, қамыс өрті Каспий теңізіне жақын маңда, Исатай және Махамбет аудандарының шекарасында шыққан. Оқиға орны «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағынан тыс жерде орналасқан.

Жиынға Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, Исатай және Махамбет аудандарының әкімдері, сондай-ақ жауапты қызмет басшылары қатысты. Басқосуда қазіргі жағдай мен өртті сөндіру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Серік Шәпкенов ТЖД бөлімшелеріне қажетті көмек көрсетуді және өртті сөндіруге қосымша техника бөлуді тапсырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы жұмысты тәулік бойы жүргізу режимін қамтамасыз етуді, Исатай және Махамбет аудандарының қосымша күштері мен құралдарын жұмылдыруды, «Ақжайық» резерватының мамандарын тартуды және осы іске араласқан барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын ұйымдастыруды жүктеді.

Өрт шыққан жерде жедел штаб құру тапсырылды.

Бүгін, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.