Атырау, 6 шілде 10:11
 дождьВ Атырау +26.5
$ 472.03
€ 540.29
₽ 6.11

Ұлттық Домбыра күні Атырауда: мыңдаған домбырашы ерекше композиция жасады

Бейнежазба
56 рет қаралды

Атырауда Ұлттық Домбыра күні ерекше ауқымды мерекелік шарамен аталып өтті.

«Сұлтан Бейбарыс» алаңында домбырашылар мен бишілерден құралған шығармашылық топ көркем композиция ұсынып, жоғарыдан қарағанда күй анасы Дина Нұрпейісованың бейнесін айқын бейнеледі.

Композиция Ұлттық домбыра күні мен күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына арналды. Ұлттық киімдегі бишілер композицияның мазмұнын толықтыра түсті.

Мерекелік кешке 2500 адам бой көрсетіп, өңірдің күйшілері өнер көрсетті. Қатысушылар Құрманғазының «Балбырауын» және Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлерін бір мезетте орындады. Бір алаңда мыңдаған адамның күй тартуы ұлттық рух пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.

Кеште Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі, «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі, өңірдің өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Ал гала-концерттің арнайы қонағы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қуандық Рахым және “Заман” тобы көпшілікке әннен шашу шашты.

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш ұлттық өнердің қадір-қасиетін дәріптеп, күйшілік дәстүрдің өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтады. Домбыраның қоңыр үнімен көмкерілген тағылымды кеш көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мазмұнды мерекеге айналды.

Бүгін, 09:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.