
Жылыой аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысының бұрынғы бөлім басшысы Қазбек Ағыраев бірнеше айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай, сергелдеңде жүр. Соттың шешімімен жұмысына әлі орналаспаған.
Түрлі заңсыздықтарға бей-жай қарамаған бөлім басшысы сотқа жүгінген. Онда Қ. Ағыраев өкімдердің күшін жою, өз қызметіне қайта орналасу, лажсыз бос жүрген күндері үшін еңбекақы және үш айлық сыйақыны, моральдық залал мен өкіл көмегіне жүгінген ақшаны өндіру жөнінде Жылыой аудандық сотына талап арыз түсірген.
17 маусым күні болған сотта анықталғандай, 2025 жылдың 30 қыркүйегінде №21 өкімімен Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов бөлім басшысына "қызметке толық сәйкес емес" деген ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданған. Алайда аталған шешіммен келіспеген Қ. Ағыраев ҚР Мемлекттік істер агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментіне (бұдан әрі департамент) шағым түсіреді. Департамент 2025 жылдың 8 желтоқсанында Ағыраевқа қатысты тәртіптік істі қарау кезінде заңның және қағидалардың өрескел бұзылғанын, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берілмегенін анықтап, аудан әкімі Ж. Қаражановқа анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта болдырмау, №21 өкімінің күшін жойып, еңбек демалысын уақытылы беру жөнінде шаралар қабылдап және заңнаманы қатаң сақтау жөнінде ұсыныс береді. Бірақ өкімнің күшін жоюды аудан әкімі орындамайды. Аталған ұсыныс орындалмағандықтан Департамент Атырау облысы әкімдігі аппаратына хат жолдайды. Облыс әкімінің аппараты актыны қабылдаған аудан әкімі болғандықтан оның күшін жою мүмкін емесін хабарлаған.
Сотта Ағыраевтың өкілі Р. Атчибаева 2025 жылдың қорытындысымен функционалдық міндеттерді тиімді атқарған жергілікті атқарушы орган басшыларына бюджет қаражатын үнемдеу арқылы берілетін сыйақы басқаларға берілгенін, ал Ағыраев алмағанын атап өтті.
Осы жылдың ақпан айында әкімдік бөлімге тексеріс жүргізген. Ал 2-ші наурызда аудан әкімінің аппараты жанындағы комиссия Ағыраевтың "қызметке толық сәйкес емес" деген ескерту түріндегі тәртіптік жаза барын алға тартып, аудан әкімдігіне ұсыныс береді. 2026 жылдың 13 сәуірінде сол кездегі аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Нұрланов №7-к өкімімен Ағыраевты мемлекеттік қызметтен шығарып тастайды. Сол кезде ғана барып амалсыздан Ағыраев сотқа жүгінеді.
Сотта судьядан жауапкер өкілдері А. Арыстанғалиева мен А. Теміржанов алдыңғы сот отырысында қойылған талаптарды мойындамай, қарсы пікірдегі уәждерін қолдап, қанағаттандырудан бас тартуын сұрайды. Ал Департамент өкілі Д.Китенбаева сотта жауапкердің талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдану кезінде заңнама талаптары өрескел бұзылуына байланысты өкімдерді заңсыз деп танып, күшін жоюды және Ағыраевты бұрынғы жұмысына қайта орналастыру керектігін айтады. Прокурор А. Мұқанова да жауапкер тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар негізінде қолданылған тәртіптік жазаның заңсыз екенін атап өтті.
Қорытындысында судья Қ. Аязов талап қоюшы Қ. Ағыраевтың талап арызы ішінара қанағаттандырылуға жататынын мәлімдеді. Судья жауапкер аудан әкімі Ж.Қаражановтың 2025 жылғы 30 қыркүйектегі Ағыраевқа тәртіптік жаза қолдану жөніндегі №21 өкімі мен 2026 жылғы 13 сәуірдегі 7-к "жұмыстан босату" жөніндегі өкімдерін заңсыз деп танып, күшін жоюды, оны қайтадан аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы етіп орналастырылсын деген шешімін шығарады. Сондай-ақ жұмыстан заңсыз шыққан күндеріндегі 972 мың теңге жалақысын өндіру, сыйақы сомасы 1 млн 227 мың теңгені өндіруге жататынын айтты. Сот шешімінде қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген кездегі жалақысын өндіру бөліктері дереу орындалуға жатады делінген.
- Бірақ сот шешімін аудан әкімі орындамай отыр. Жалпы ҚР Еңбек кодексінің 161 бабы 2-ші тармағына сәйкес, соттың жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта алу туралы шешімі дереу орындалуға жатады. Сонымен бірге Азаматтық процестік кодесінің 243 бабының 2,3 тармақтары негізінде қызметкерді жұмысқа қайта орналастыру туралы және үш айдан аспайтын жалақыны алып беру туралы шешімдер дереу орындалуы тиіс, - дейді талапкер өкілі Раушан Атчибаева.
Ал Жылыой аудандық сотының төрағасы Мұратқали Икласов сот шешімінің күшіне енбегенін, аудан әкімінен аппеляциялық шағым түскенін айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +32.7