
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) «MV Hondius» круиздік лайнеріндегі қауіпті хантавирус індетінің ресми түрде басылғанын жариялады, деп хабарлайды Би-би-си.
ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус карантинде болған ең соңғы жолаушының да тесті теріс нәтиже көрсетіп, үйіне оралғанын айтты. Жағдай бақылауға алынғаннан бері жаңадан вирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.
«ДДСҰ хантавирус індеті толық жойылды деп есептейді», — деді ұйым басшысы.
Қауіпті сапардың хронологиясы
«MV Hondius» лайнері 1 сәуірде Аргентинадан сапарға шыққан. Кемедегі індеттің таралуына хантавирустың сирек кездесетін «Анд» штаммы себеп болды. Барлығы 13 адам вирус жұқтырып, оның үшеуі көз жұмды:
11 сәуір: Аргентина мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) арасындағы мұхитта бірінші жолаушы қайтыс болды.
26 сәуір: Йоханнесбургке тоқтаған кезде екінші өлім жағдайы тіркелді.
2 мамыр: Кеме бортында үшінші науқас көз жұмды.
10 мамырда лайнер Тенерифе жағалауына шұғыл тоқтатылды. Жолаушылар биологиялық қауіпсіздіктің ең қатаң шараларын сақтай отырып эвакуацияланды және ұзақ мерзімді карантиннен өту үшін арнайы авиарейстермен елдеріне жіберілді.
Вирус кемеге қалай түсті?
ДДСҰ мәліметінше, алғашқы екі науқас кемеге отырмас бұрын Аргентина, Чили және Уругвай елдерін аралаған. Олар құстарды тамашалау турына қатысып, инфекция тарататын жабайы егеуқұйрықтар мекендейтін жерлерде болған.
Әдетте хантавирус адамға кеміргіштерден (олардың қиы немесе сілекейі араласқан шаңды жұтқанда) жұғады. Алайда, бұл жағдайда мамандар ең нашар нұсқаны да жоққа шығармайды: вирус мутацияға ұшырап, кеме ішіндегі тығыз қарым-қатынас салдарынан адамнан адамға жұққан болуы мүмкін. Осыған байланысты 33 елде 650-ден астам адам бақылауда болды.
Қауіптенуге негіз бар ма?
ДДСҰ босаңсуға әлі ерте екенін ескертеді. Ұйым өкілі, доктор Диана Рохас Альверес «Анд» вирусы Оңтүстік Америкадағы қоғамдық денсаулық сақтау саласы үшін әлі де үлкен қауіп төндіріп тұрғанын қадап айтты.
Анықтама: Хантавирус инфекциясы дене қызуының көтерілуі, қатты шаршау, бұлшықет пен іштің ауруы, құсу және демікпе белгілерімен қатар жүреді. Вирустың қауіптілігі — оның жасырын (инкубациялық) кезеңінің ұзақтығында. Белгілері вирус жұққаннан кейін бір айдан соң ғана білінуі мүмкін, сондықтан да жолаушыларды ұзақ уақыт оқшаулау қажет болды.
В Атырау +22.3