
Атырауда «Маслопром» ықшамауданындағы балалар алаңында белгісіз ер адамның күдікті әрекеттер жасағанын мәлімдеп, жергілікті тұрғындардың бірі әлеуметтік желіде жазба таратты.
Автордың айтуынша, ер адам біраз уақыт балаларды сырттай бақылап тұрған. Кейін басқа қыздар алыстап кеткенде, жалғыз қалған баланың жанына келген.
«Басында мен оны қыздардың бірінің әкесі шығар деп ойладым. Бірақ кейін басқа балалар басқа жерге кеткенде, ол жалғыз ойнап отырған балаға жақындады. Есімін сұрап, қолынан ұстады да, төмен қарай тарта бастады. Мен бірден жүгіріп барып, оның қолын қағып жібердім де: “Не істеп жатырсыз? Балардан әрі кетіңіз!” деп айқайладым. Осыдан кейін ер адам тез бұрылып, кетіп қалды», — деп жазды әйел.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін ол бірден полиция шақыртқан.
Жазба авторы ата-аналарды өте мұқият болуға және балаларды ойын алаңдарында қараусыз қалдырмауға шақырды.
«Ата-аналар, сақ болыңыздар. Балаларды далаға жалғыз жібермеңіздер», — деп ескертті ол қала тұрғындарын.
Мақала жарияланған сәтте Атырау облыстық Полиция департаментінен бұл оқиғаға қатысты ресми ақпарат келген жоқ. «Ақ Жайық» редакциясы полицияға ресми сауал жолдап, арыздың тіркелген-тіркелмегенін және бұл жағдай бойынша тексеріс жүріп жатқан-жатпағанын сұрады. Ресми тексеріс нәтижесі шыққанға дейін қала тұрғынының бұл айтқандары әзірге оның өз күдігі болып саналады.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +22.3