
Қырғыз Республикасының Энергетика министрлігі ішкі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды күнделікті қадағалап отырғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, елде жанар-жағармайдың жеткілікті қоры бар, ал отын бұған дейін жасалған келісімшарттарға сай тұрақты түрде жеткізіліп жатыр.
Сонымен бірге министрлік Қырғызстан жанар-жағармайдың негізгі бөлігін сырттан таситынын еске салды. Сол себепті әлемдік энергетика нарығындағы өзгерістер, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс, халықаралық логистикадағы тәуекелдер мен мұнай бағасының өсуі елдің ішкі нарығына әсер етпей қоймайды.
Қырғызстан Энергетика министрлігі Министрлер кабинеті мен жауапты ведомство елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты жанармаймен тұрақты жабдықтау үшін тиісті шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Жанармайдың үздіксіз жеткізілуін сақтап қалу үшін Ресей, Қазақстан, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікменстанның құзырлы мемлекеттік органдарына ресми өтініштер жолданды.
Оған қоса, Қырғызстан жанармай тасымалдау жолдарын әртүрлі ету (диверсификациялау) және бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ ел билігі ішкі өндіріс мүмкіндіктерін арттыруға да көңіл бөлуде.
Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбеков пен Энергетика министрі Алтынбек Рысбеков Жалал-Абад облысындағы «Қырғызмұнайгаз» жабық акционерлік қоғамында жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесуде елді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Нәтижесінде компания басшылығы мен жекеменшік серіктестерге ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты жабдықтау шараларын күшейту тапсырылды.
Бұдан бөлек, Президенттің ерекше тапсырмалар жөніндегі арнайы өкілі Бақыт Төрөбаев Шу облысындағы «Джунда» мұнай өңдеу зауытына барды. Онда ол кәсіпорынның жұмысымен, мұнай өңдеу технологиясымен және өнімдердің зертханалық тексеріс нәтижелерімен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша зауыт басшылығына ішкі нарықты нығайту үшін бензин мен басқа да мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыру жүктелді.
Қырғызстанда жанармай бағасын бақылау да жалғасып жатыр. Монополияға қарсы реттеу қызметі мұнай трейдерлерімен жұмыс кездесулерін өткізіп, онда жеткізілім, баға белгілеу, логистика және тауар қорын жасақтау мәселелерін талқылауда.
Қырғызстан Энергетика министрлігі елді жанар-жағармаймен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатқанын және жағдай мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Бұған дейін Қырғызстанда Аи-95 және Аи-98 маркалы бензиндерінің тапшылығы байқалғаны хабарланған болатын.
В Атырау +30.5