
Атырауда жаңа оқу жылы қарсаңында «Caspian BINOM School» мектеп‑лицейіне өтінім қабылдау басталды.
Жаңа білім ордасы Кенен Әзірбаев көшесінде бой көтеріп, алғашқы оқушыларын қабылдауға дайындалып жатыр. Құжаттар әзірге «Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM School» мектеп‑лицейінде қабылдануда, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мектеп толықтай қазақ тілінде білім береді және екі ауысымда жұмыс істеп, шамамен 4 мың оқушыны қамти алады. Директор Батыржан Қисамеденовтің айтуынша, педагогикалық құрамның 90 пайызы жасақталған, ал математика мен информатика пәндерінің мұғалімдерін іріктеу жалғасуда.
Жаңа мектепте 127 оқу кабинеті, заманауи зертханалар, кітапхана, төрт спорт залы, 414 орындық акт залы, екі асхана, сондай‑ақ хореография, кино және хор залдары қарастырылған. STEM кабинеттері мен шығармашылық, ғылыми және зияткерлік әлеуетті дамытуға арналған арнайы білім беру кеңістіктері де жабдықталған.
Қазір нысанда сыртқы әрлеу, инженерлік жүйелерді реттеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылында ашылатын мектеп өңірдегі білім беру инфрақұрылымын нығайтып, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және үш ауысымды мектептердің жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Caspian BINOM School» мектеп‑лицейінің құрылысын «KAZPACO» ЖШС жүргізіп жатыр. Білім беру нысанының жалпы аумағы 3,1877 гектарды құрайды.
В Атырау +29