
Атырау облысының білім басқармасы балаларды Ресей Федерациясының Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан геологы» пансионатына жіберуді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.
Келесі ағымдағы сапар сақтық шарасы ретінде тоқтатылды. Басқарма бұл шешімнің уақытша екенін және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты қабылданғанын түсіндірді.
Ата‑аналар екінші ағымдағы балалардың Железноводскідегі пансионатқа сапары тоқтатылғанын «Ақ Жайық» редакциясына хабарлады. Олардың айтуынша, бұл шешім 18 маусымда қала аумағында дрондардың ұшқаны туралы ақпараттан кейін қабылданған. Ал бірінші ағымдағы балалар 21 маусымда Атырауға аман‑есен оралған.
Осыған байланысты «Ақ Жайық» редакциясы ресми түсініктеме алу үшін Атырау облысының білім басқармасына жүгінді.
Білім басқармасының басшысы Марат Әбуов келесі ағымдағы балалардың Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» емдік пансионатына сапары шынымен де тоқтатылғанын ресми түрде растады.
— Шешім қазіргі қоғамдық‑саяси жағдайға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты қабылданды. Бұл алдын алу шарасы, ықтимал тәуекелдерді болдырмауға бағытталған, — деді ол.
Марат Әбуовтың айтуынша, тоқтату мерзімі әзірге белгісіз. Балаларды пансионатқа қайта жіберу туралы шешім қоғамдық‑саяси жағдай тұрақтанғаннан кейін және балалардың қауіпсіздігіне әсер ететін барлық факторлар толық бағаланған соң қабылданады.
Сонымен қатар, балаларды пансионатқа жіберуден толық бас тарту жоспарланбаған. Ата‑аналарға сапарды қайта бастау туралы шешім қабылданған кезде қосымша ақпарат беріледі.
Егер балаларды пансионатқа жіберу ұзақ уақытқа кейінге қалдырылса, оларға Қазақстан аумағындағы қауіпсіздік талаптарына сай және балалардың демалысын ұйымдастыру шарттарына сәйкес келетін лагерьлерде баламалы демалыс ұсынылады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +26.3