
Атырауда қауіп-қатерсіз суда шомылу үшін барлық жағдай жасалып, рұқсат етілген бес жағажайды іске қосу дайындығы жүріп жатыр. Арнайы орындар осы аптаның соңына дейін тұрғындарды қабылдай бастайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қала аумағында «Малибу» атты жалғыз рұқсат етілген жағажай жұмыс істейді. Ал қалған төрт арнайы жабдықталған жағажай аймағы қала маңындағы ауылдық округтерде ашылады:
Еркінқала;
Қайыршақты;
Алмалы;
Атырау ауылдық округі.
Қазір барлық нысандарда 20 жуық жұмысшы абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жағажайлардың аумағы тегістеліп, таза құм төселді. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жарықтандыру жүйеcі, қоршаулар, қоқыс контейнерлері және кезекшілікке арналған мұнаралар орнатылып жатыр. Ашылғаннан кейін жағажайлардың тазалығы мен басқарылуын "Бизнес және туризм орталығы" КММ қадағалайды», — деді қалалық ТҮКШ (ЖКХ) бөлімінің бас маманы Эльдар Карипуллаев.
Судағы қауіпсіздік: ТЖД ескертуі
Атырау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы әрбір рұқсат берілген жағажай аумағында күзетілетін аймақ құрылып, кез келген сәтте алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын кәсіби құтқарушылардың тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылатынын баса айтты.
Дегенмен, қалалық ТЖД бастығының орынбасары Сәбит Борашев тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды:
«Жағажайлар ашылған сәттен бастап тұрғындар ережелерді қатаң сақтауға міндетті. Балаларды қараусыз қалдыруға, суға мас күйде немесе өзіңізді нашар сезінгенде түсуге үзілді-кесілді тыйым салынады. Белгіленбеген және жабдықталмаған орындарда суға шомылу өмірге өте қауіпті екенін ұмытпаған жөн», — деп ескертті спикер.
В Атырау +26.3