Атырау, 1 шілде 18:41
 дождьВ Атырау +27.3
$ 480.72
€ 548.07
₽ 6.14

​Атырауда 17 жасар жасөспірімді мүгедек қылған автобус жүргізушісі бір жылға сотталды

74 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Оқиға 20 желтоқсан күні кешке «Балауса» ықшамауданындағы «AI» дүкенінің жанында болған. Сол күні жасөспірім қоқыс тастау үшін үйінен шығып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп келе жатқан.

Сот материалдарына сүйенсек, қарама-қарсы бағытта келе жатқан көліктер жаяу жүргіншіні өткізу үшін тоқтаған. Бозбала жаяу жүргіншілер өткелімен бірнеше қадам жасаған сәтте жолда келе жатқан №52 бағыттағы автобус оны қағып кеткен.

Сотта жәбірленуші соққыдан кейін есінен танып қалғанын айтты. Есін жиғанда өзінің автобус астында жатқанын түсінген. Жасөспірім жерге жармасып, үлкен көліктің астынан шығуға тырысқанымен, артқы дөңгелегі оның аяғын басып өткен. Осыдан кейін ғана жүргізуші автобусты тоқтатып, кейін шегініп, зардап шекен баланы босатқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жас жігіт несеп жолының үзілуі, қуықтың зақымдануы, аталық безінің жартылай жаншылуы, жамбас пен сегізкөз сүйектерінің көптеген сынықтары, екі аяғының жарақаты, сондай-ақ травматикалық және геморрагиялық шок алған.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігері сотта жасөспірімге ауруханаға түскеннен кейін екі сағаттан соң шұғыл ота жасалғанын хабарлады. Алайда ол қазіргі уақытқа дейін өздігінен кіші дәретке отыра алмайды. Алдағы уақытта Астанада тағы бір күрделі ота жасатуы керек.

Ата-анасы жүргізушіге барынша қатаң жаза қолдануды сұрады.

«Сіз менің ұлымның өмірін талқандадыңыз», — деді олар сотта.

Ата-анасының айтуынша, апаттың зардабы баланың өмір бойғы қасіретіне айналмақ.

Жүргізушінің өзі кінәсін толық мойындады. Ол бұл бағытта апатқа дейін небәрі бес күн бұрын ғана жұмысқа орналасқанын, бірақ жалпы жүргізушілік өтілі 30 жылға жуық екенін түсіндірді. Оның айтуынша, сол күні кешке қараңғы, жасөспірім қара киімде болған, әрі жол тайғақ еді. Жаяу жүргіншіні көргенде тежегішті басып, солға қарай бұрылуға тырысқанымен, соқтығысудан қашып құтыла алмаған.

Дегенмен, жол апатын рәсімдеген полиция инспекторы оқиға орнында ешқандай тежелу ізі табылмағанын мәлімдеді.

Үкім шыққанға дейін жүргізуші зардап шеккен отбасыға емделуі үшін 1 млн 95 мың теңге аударған. Сот мұны жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Қорытындылай келе, сот жүргізушіні абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға көлік басқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сонымен қатар, одан 10 млн теңге моральдық шығын, 562 010 теңге емделу шығыны және жәбірленуші тараптың өкіліне 375 мың теңге өндірілді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.