
Қала әкімдігінің еңбек нарығындағы ахуалға қатысты жасаған мәлімдемесі желіде көп талқыланып жатыр. Тұрғындардың көбі ресми статистика жұмыс іздеу кезіндегі шынайы көріністі мүлдем көрсетіп отырған жоқ деген пікірде.
Атырау әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі тұрақты — 4,8%, ал жастар арасында бұл көрсеткіш небәрі 2,4%-ды құрайды. Билік өкілдері мемлекеттік бағдарламалар арқылы екі қолға бір күрек тапқандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатары жыл санап артып келе жатқанын алға тартады.
Алайда әкімдік жазбасының астына пікір қалдырған атыраулықтар бұл есеппен келісе қоймады.
«Егер жұмыссыздық деңгейі шынымен төмен болса, неге жұрт айлап жұмыс таба алмай жүр?» — деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Кейбір тұрғындар бос орындар болғанымен, ұсынылатын айлықтың мардымсыз екенін айтады.
«Бәрін қойып, жалақысы лайықты жұмыстарды көрсетсін. Бос орын табуға болады-ау, бірақ ол айлықпен қалай күн көруге болады — мәселе сонда», — дейді қала тұрғыны.
Сонымен қатар, пікір жазғандар жұмыс берушілердің қоятын талаптарына да қынжылды.
«Университет бітірген соң жұмысқа орналасу қиын. Қайда барсаң да тәжірибе сұрайды. Ал жұмысқа алмаса, ол тәжірибені жастар қайдан жинайды?» — дейді жас түлек.
Желі қолданушылардың бір бөлігі ресми статистика нақты жағдайды көрсетіп отырмағанына сенімді.
«Тұрақты табысы жоқ адамдардың өзін "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" деп тіркей салады. Қағазда жұмыссыздық азайған сияқты көрінгенімен, іс жүзінде халық әлі де жұмыс іздеп сабылып жүр», — деп жазады атыраулықтар.
Әкімдік өз кезегінде халықты жұмыспен қамту шаралары тоқтаусыз жүріп жатқанын айтады. Қалалық биліктің дерегінше, тек 2024 жылдың өзінде Мансап орталығына 32 мыңға жуық адам жүгініп, оның 24 мыңнан астамына түрлі көмек көрсетілген.
Дегенмен, пікірлерден аңғарылатыны — тұрғындарды алаңдатып отырғаны тек бос орындардың саны емес. Олардың отбасын асырауға жететін, лайықты әрі тұрақты жұмысты қайдан табуға болады деген билікке қояр негізгі сауалы сол күйінде қалып отыр.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +25.3