
Қазақстанда ресми түрде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес бірден 18 заң өзгертіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, жаңа Ата заң республиканың алдағы онжылдықтардағы даму бағытын айқындап, барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі қайта құруға жол ашады.
«Президент жаһандық өзгерістердің көшін қуып жетумен ғана шектелмей, жаңа экономикалық ахуалды қалыптастыратын белсенді қатысушыға айналуымыз керек екенін атап өтуде. Жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы дәл осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің барлығы қоғамдағы тұрақтылықты одан әрі сақтау, азаматтардың әл-ауқатын лайықты деңгейде қамтамасыз ету, «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту, сондай-ақ қазақстандықтардың озық ойлы әрі жоғары интеллектуалды буынын қалыптастыруға бағытталған», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қандай заңдар қайта жазылады?
Заңнамадағы нақты өзгерістер туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады. Оның айтуынша, ауқымды түзетулер қазақстандықтар өмірінің негізгі салаларын қамтиды.
Атап айтқанда, мына бағыттарды реттейтін заңдарға өзгерістер енгізіледі:
Сөз бостандығы және ақпарат тарату ережелері;
Бейбіт жиындарды (митингілерді) өткізу;
Діни бірлестіктер мен ұйымдардың қызметі;
Волонтерлік қозғалыс пен қайырымдылықты қолдау;
Мәдениет және кинематография саласы.
Мәдениет пен ғылым — басты басымдық
Аида Балаева жаңа Конституцияның құндылықтары — әділдік, адамға деген құрмет және қоғамдық жауапкершілік болашақ ұрпақтың негізіне айналатынына назар аударды. Негізгі заңның басты жаңалықтарының бірі — гуманитарлық саланы стратегиялық міндеттер деңгейіне көтеру болды.
«Конституцияда алғаш рет ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамыту мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітілді. Бұл – мәдениеттің енді тек рухани құндылық қана емес, қоғамдық тұтастықтың және елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі факторларының бірі ретінде танылғанын білдіреді», — деп түйіндеді вице-премьер.
В Атырау +16.6