
Кремль ішкі нарықты тұрақтандыру үшін шетелден мұнай өнімдерін импорттау бойынша келіссөздер жүріп жатқанын ресми түрде растады. Бұл туралы Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Би-би-си.
Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша қазірдің өзінде байланыс орнатылған.
«Егер тиімді баға бойынша келісімге қол жеткізілсе, отын сатып алынады», — деді Песков.
Ол шетелдік жанармайды сатып алу нарықты тұрақтандырудың тағы бір қадамы болатынын және ел ішіндегі жоғары сұранысты бәсеңдетуге көмектесетінін айтты. Бірақ Кремль өкілі нақты қай елдермен келіссөз жүріп жатқанын нақтыламады.
Қазақстанға жасалған өтініш
Бұған дейін халықаралық Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Ресейдің Қазақстанға ресми өтініш тастағанын хабарлаған еді. Ондағы мәлімет бойынша, көрші елдегі тапшылықты жабу үшін шамамен 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензинін жеткізу туралы сөз болған.
Еске салсақ, көрші елдің жанармай нарығындағы қиындықтар бірнеше ірі мұнай өңдеу зауытының зақымдануынан кейін басталған еді.
Ресей тағы қандай шаралар қолданбақ?
Жанармай мәселесі жоғары деңгейде бақылауға алынды. Ресей Президенті Владимир Путин үкімет мүшелерімен арнайы жиын өткізіп, нарықта тәртіп орнату үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Ресей вице-премьері Александр Новактың түсіндіруінше, шетелден отын сатып алу — мәселені шешудің бір ғана жолы. Сонымен қатар, Ресей билігі тағы бір шұғыл қадамды қарастырып жатыр. Ол — елден дизель отынын экспорттауға толық тыйым салу.
В Атырау +24.1