Атырау, 30 маусым 16:21
 дождьВ Атырау +23.1
$ 485.82
€ 554.03
₽ 6.24

​Тоқаев Астанада жаңа әуежай құрылысын тез арада бастауды тапсырды

75 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Астанада жаңа әуежай құрылысын барынша қысқа мерзімде бастау қажет. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласы ел үшін өте маңызды екенін атап өтті. Алайда көрші елдердің белсенділігінен бұл салада бәсекелестік күшейіп жатыр.

Осыған байланысты Президент жаңа бағыттарды көбейтуді және авиахабтар құруды басты міндет ретінде белгіледі:

«Осы тұрғыдан алғанда, Астанада жаңа әуежай салу — кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Құрылысты тез арада бастау керек. Тағы бір маңызды шешім — ұлттық жүк авиатасымалдаушысын құру. Бұл біздің халықаралық логистикадағы позициямызды нығайтады».

Жол жөндеудегі тарихи рекорд

Президент автожолдарды жаңарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы уақытта елде бұрын-соңды болмаған ауқымда жол жөндеу жұмыстары басталды.

Тек өткен жылдың өзінде елде рекордтық 13 мың шақырым жолды жөндеу басталса, соның 6 мың шақырымы пайдалануға берілген. Тоқаев мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында алғаш рет жасалғанын айтты.

Шекарадағы автокөлік өткізу пункттерін толық жаңарту келесі жылы аяқталуы тиіс.

Осы жұмыстардың арқасында соңғы бес жылда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалы екі есе өсіп, 6 миллион тоннаға жетті. Отандық тасымалдаушылардың өткен жылғы табысы 1,5 триллион теңгені құрады. Бұл теміржол көлігінің көрсеткіштерімен бірдей.

«Бұның бәрі отандық автотасымал саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Сондықтан мұндай кәсіпкерлерді жан-жақты қолдауымыз керек», — деді Президент.

Теміржол саласында не болып жатыр?

Мемлекет жаңа теміржолдар мен вокзалдар салуға үлкен көңіл бөлуді жалғастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдар мен Алматыны айналып өтетін теміржол желісі іске қосылғанын еске салды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал желілерінің құрылысы аяқталады. Ал келесі жылы стратегиялық маңызы бар Бақты – Аягөз магистралі пайдалануға беріледі.

Бүгін, 15:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.