
Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында Алматы–Бішкек экономикалық дәлізін (АБЭД) дамыту аясында Туризм жөніндегі бірлескен жұмыс тобының отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты. ҚР Туризм және спорт министрлігі атынан жиынға Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов қатысты.
Отырыс барысында тараптар екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Жиында тұрақты және «жасыл» туризм қағидаттары негізінде жаңартылған Алматы–Бішкек экономикалық дәлізінің туризмді дамыту жөніндегі бас жоспары таныстырылды.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетіне қарасты Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттік пен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті арасындағы 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Құжат туризм саласын дамытуға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындайды.
Күн тәртібінде орналастыру орындарын бірыңғай санаттау жүйесін енгізу, санаттау үдерістерін цифрландыру және тиісті ақпараттық жүйенің жұмыс істеуі мәселелері де қаралды. Сонымен қатар қатысушылар туризм саласындағы бірыңғай кәсіптік стандарттарды ілгерілету және оларды Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі аясында іске асырудың алдағы кезеңдерін талқылады.
Іс-шара аясында Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі өңірінің орналастыру орындарын бірыңғай санаттау жүйесі жөніндегі Консультативтік кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда ұйымдастыру мәселелері қаралып, алдағы бірлескен жұмыстың жоспары бекітілді.
Отырыс қорытындысы бойынша Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі өңірінің орналастыру орындарын бірыңғай санаттау жүйесі жөніндегі Консультативтік кеңестің алғашқы отырысының хаттамасына, сондай-ақ Туризм жөніндегі бірлескен жұмыс тобы отырысының хаттамасына қол қойылды.
Қабылданған шешімдер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, орналастыру орындарын санаттаудың бірыңғай тәсілдерін енгізуге, туристік қызметтердің сапасын арттыруға, тұрақты туризмді дамытуға және Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі шеңберінде бәсекеге қабілетті туристік кеңістікті қалыптастыруға негіз болады.
В Атырау +19.2