
Қазақстанда эстетикалық медицина клиникаларына ауқымды тексеру жүргізілмек. Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп пластикалық хирургия қызметін көрсететін ұйымдарға кешенді жоспардан тыс тексерулер өткізеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай шешім мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында қабылданған. Егер тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталса, клиникаларға заңнамаға сәйкес ең қатаң шаралар қолданылады.
Қатаң бақылауға қазақстандықтардың шағымдарының күрт көбеюі себеп болды. Тек 2021 жылдан бері елімізде осы сала бойынша 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Әсіресе соңғы жылдары азаматтар пластикалық операциялардың сапасы мен қауіпсіздігіне жаппай шағымдана бастаған.
Айыппұлдар және лицензиясыз жұмыс
Бұған дейін жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Кейбір хирургтердің талапқа сай емес жағдайда жұмыс істегені белгілі болды.
«Лицензиялық талаптардың, медициналық көмек көрсету стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсету деректері тіркелді», – деп хабарлады министрлік.
Нәтижесінде клиникаларға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, 24 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 4,8 миллион теңгені құрады.
Өліммен аяқталған жағдайлар
Бақылау шараларының ең маңызды бөлігі пластикалық операциядан кейін пациенттері көз жұмған клиникаларды тексеруге арналды.
Хирургиялық араласудан кейінгі ең резонансты өлім жағдайлары Алматы, Астана қалаларында және Маңғыстау облысында тіркелген.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл қайғылы оқиғаларға қатысты барлық материалдардың құқық қорғау органдарына жолданғанын мәлімдеді. Енді тергеу органдары процессуалдық шешім қабылдап, дәрігерлердің кінәсінің деңгейін анықтайды. Министрлік пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл саладағы бақылауды одан әрі күшейтетінін атап өтті.
В Атырау +14.8