
АҚШ-та ұзақ уақыт бойы сот төрелігінен жасырынып жүрген танымал қытайлық миллиардер Го Вэнгуйге қатысты қатаң үкім шықты. Нью-Йорк соты оны 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Нью-Йорктегі федералды судья үкімді дүйсенбі, 29 маусымда жариялады. Экс-магнат қомақты түрме мерзімінен бөлек, орасан зор активінен айырылады — одан 889 миллион доллар (ағымдағы бағам бойынша шамамен 416 миллиард теңге) тәркіленеді.
Америкалық прокуратураның нұсқасы бойынша, Го Вэньгуй өзінің қаржылық серіктесімен бірге интернетте ауқымды алаяқтық схемасын құрған. Олар әлеуметтік желіні пайдалана отырып, жүз мыңдаған қолданушыны әртүрлі жалған компаниялар мен инвестициялық бағдарламаларға ақша салуға көндірген.
«Олар жалған мәлімет ұсынып, нәтижесінде жүздеген миллион долларды иемденіп кеткен. Олардың әрекетінен келген жалпы шығын көлемі бір миллиард доллардан астам деп бағаланып отыр», — делінген іс материалдарында.
Саясатпен бүркемеленіп, есімін өзгерткен
Адамдардың сеніміне кіру үшін Го Вэнгуй медиакеңістікте өзін Қытай Коммунистік партиясына қарсы белсенді күрескер ретінде көрсетіп отырған. Сонымен қатар, бизнесмен өз тұлғасын мұқият жасырған. Ресми айыптау актісінде оның нақты есімінен бөлек, кем дегенде тағы алты бүркеншік есімі (псевдонимі) бар екені белгілі.
Қорытындысында алқабилер алқасы оны бірқатар ауыр баптар, соның ішінде ауқымды алаяқтық, ақшаны жылыстату және бопсалау бойынша кінәлі деп таныды. Мемлекеттік айыптау тарапы оған ең төменгі мүмкін болатын 30 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді және сот бұл талапты толық қанағаттандырды.
Го Вэньгуй кім болған?
Өз отаны Қытайда Вэнгуй ірі девелопер, жылжымайтын мүлік саласындағы магнат болған және елдегі ең бай адамдардың тізіміне кірген. Алайда, 2014 жылы ол жемқорлық пен қаражатты талан-таражға салды деген айыптаулар бойынша қылмыстық қудалаудан қашып, ҚХР-дан жедел түрде кетіп қалған.
АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін, қашқын миллиардер жоғары саяси топтармен тез байланыс орнатқан. Атап айтқанда, ол АҚШ Президенті Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі Стив Бэннонның бизнес-серіктесіне айналды. Айтпақшы, Бэннонның өзі де 2020 жылы қытайлық магнатқа тиесілі сәнді яхтаның бортында алаяқтық жасады деген айыппен тұтқындалған болатын.
Го Вэнгуйдің өзін америкалық күштік құрылымдар 2023 жылы қолға түсірді. Арнайы операция оның Нью-Йорктегі Орталық саябаққа (Центральный парк) көрінісі бар элиталық пәтерінде өтті. Бұрынғы миллиардер алдағы отыз жылын америкалық түрмеде өткізеді.
В Атырау +14.8