Атырау, 30 маусым 10:53
 дождьВ Атырау +14.8
$ 485.82
€ 554.03
₽ 6.24

​Достықтың құны: Атырауда досының телефонын ұрлаған азамат 1,2 млн теңгеге сауда жасаған

131 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Атыраудағы барлардың бірінде бала кезде дос болған екі азамат кездесіп қалды. Бірі қатты мас болып қалғанда, екіншісі оның телефонын ұрлап кетіп, бірнеше сағаттың ішінде қомақты қаражатты жұмсап үлгерген.

Бәрі кездейсоқ кездесуден басталған. Бала кезден таныс ер адамдар кездесуді атап өтпек болып, бірге ішімдік ішеді. Олардың бірі қатты мас болып, ұялы телефонын үстел үстінде қараусыз қалдырғанда, екіншісі оны білдіртпей алып қойған.

Сот материалдарынан белгілі болғандай, ер адам смартфонның құпия сөзін тауып, Kaspi банк қосымшасына кіріп алған. Осыдан кейін ол «Яндекс Такси» шақыртып, дүкен аралауға шыққан. Таңертең ол үш «Ярмарка» супермаркетін аралап, Kaspi Red арқылы шамамен 245 мың теңгеге бірнеше блок темекі сатып алған.

Содан кейін ол мейрамханада досының есебінен түскі ас ішіп, тоя тамақтанған, ал кейін Kaspi қосымшасындағы тауарлық несие арқылы құны 805 мың теңге тұратын iPhone 16 Pro Max-қа тапсырыс берген. Дүкенде ер адам тапсырыс кодын айтып, сатып алынған затты еш қиындықсыз алып кеткен.

Кейін ол досының ұрланған телефонын танысының жеке куәлігін пайдаланып, ломбардқа (комиссионка) 60 мың теңгеге өткізген. Тергеу мәліметтері бойынша, жаңа iPhone-ды Instagram арқылы белгісіз сатып алушыға 600 мың теңгеге сатқан, ал сатып алынған темекілерді «Дина» базарында 160 мың теңге нақты ақшаға өткізген.

Телефон иесіне келтірілген жалпы шығын 1 225 376 теңгені құрады.

Сотта сотталушы кінәсін толық мойындады. Ол қылмысқа ауыр материалдық жағдайына байланысты барғанын түсіндіріп, кешірім сұрады және өкінетінін мәлімдеді. Алайда жәбірленуші оны кешірген жоқ.

Балалық шақтан басталған достық осылай аяқталды. Сот айыпталушыны 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті және жәбірленушіге 1 225 376 теңге көлеміндегі шығынды өтеуді міндеттеді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 09:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.